ҚР ІІМ ТЖК Астана маңында ұшақ апатқа ұшырады деген жалған ақпарат таратқандарды анықтамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Астана маңында ұшақтың апатқа ұшырағандығы жайында ақпаратты жоққа шығарды. Бұндай мәлімдемені бүгін баспасөз мәслихатында аталған комитеттің ресми өкілі Руслан Иманқұлов жасады.
«Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел топтары осы ақпарат бойынша аталған төңіректі тексеріп келді. Қазіргі кезде олар өздерінің жұмыс орындарына оралып, бұндай фактінің болмағанын хабарлады», - деді ресми өкіл.
Осы орайда ол бұл жалған ақпарат әдейі таратылған болса, онда Ішкі істер министрлігімен бірлесе теріс ақпарат таратқан адамды анықтау үшін тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
«Біреу телефон шалып, жедел топты кезекшілігіндегі жұмысынан бөліп, төңіректі тексеруге себепші болды. Дегенмен де мәліметтерді тексеру біздің міндетіміз ғой», - деді Р. Иманқұлов.