ҚР ІІМ ТЖК-нің құтқарушылары бір апта ішінде қар құрсауынан 901 адамды шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелерінің күштері жол қызметтерімен бірлесе отырып, 2015 жылғы 9-15 наурыз аралығындағы кезеңде еліміздің автомобиль жолдарында белсенді түрде жұмыс жүргізді. Бұл туралы аталған ведомстводан хабарлады.
Көбінесе қар құрсауында қалған адамдарды Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары эвакуациялады. Жамбыл, Айыртау, Ақжар, Тайынша, Тимирязев, Аққайың, Есіл, Уәлиханов аудандарында, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда 376 адам және 151 бірлік техника құтқарылды.
Қарағанды облысының құтқарушылары қар құрсауынан 238 адамды, оның ішінде 10 баланы, 66 бірлік техниканы құтқарды. Құтқару жұмыстары Теміртау, Жезқазған қалаларында, Осакаров, Абай, Нұра, Шет, Бұқар жырау, Ұлытау аудандарында жүргізілді.
Бұдан бөлек, 218 адам, оның ішінде 18 бала және 87 бірлік техника Ақмола облысында эвакуацияланды. Құтқару қызметтері Көкшетау, Степногорск қалаларында, сондай-ақ Сандықтау, Жақсы, Целиноград, Бұланды, Зеренді, Ақкөл, Бурабай аудандарында жұмыс жасады.
Құтқару жұмыстары нәтижесінде Павлодар облысы Железинск ауданының «Павлодар-Красноармейка» автожолында 30 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. 11 бірлік техника эвакуацияланды.
Сонымен қатар Қостанай облысының Амангелді, Қарасу аудандарында құтқарушылар 20 адам мен 5 бірлік техниканы құтқарды
«Жүргізілген құтқару жұмыстары нәтижесінде барлығы қар құрсауынан 901 адам, оның ішінде 35 бала және 319 бірлік техника құтқарылды. Азаматтарға ауа райының қолайсыз жағдайларында елді мекендерден тыс жерлерге, әсіресе, түнде және ауа райы бұзылғанда шықпау жайлы тағы да ескерткіміз келеді», - делінген комитет мәліметінде.