ҚР ІІМ ведомстволық «Сақшы» және «На страже» газеттерінің шыға бастағанына 80 жыл толды

АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан полициясының жаршысына айналған «Сақшы» және «На страже» газеттерінің жарық көре бастағанына 80 жыл толып отыр.

ҚР ІІМ ведомстволық «Сақшы» және «На страже» газеттерінің шыға бастағанына 80 жыл толды

Бүгінде ішкі істер органдарының белді басылымына айналып отырған «Сақшы», «На страже» газеттерінің тұңғыш саны сонау 1933 жылы жарық көрген болатын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы еліміз өміріндегі ауыр кезеңдерде мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауда милиция қызметкерлерінің еңбегі ерен болды. Олардың жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыратын газет алғашында «SAQCЬ» - «Страж» деген атпен шықты және әр жылдарда әртүрлі атпен жарық көрді. «На страже», «Қазақстан милициясы» сияқты атаулармен шыққан газет 1970 жылдары жабылып қалды. Содан газет араға он жыл салып, яғни 1982 жылы қайта шықты. Сол кездегі газет редакторы А.З. Черепановтың тұсында газет Ленинград, Мәскеу, Киевтегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, қолдан қолға тимей оқылатын газетке айналған екен. Ал, кеңестік жүйе кезінде бұл газеттің қазақшасын шығару оңайға түскен жоқ. Қазіргі «Сақшының» негізін қалауға аямай тер төккен азамат - ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып полковник шеніне дейін жеткен марқұм Базарбай Исаев.

Он жыл уақыт бойы тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан «На страже» газетінің бір бетін қазақша шығаруға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдайды. Сөйтіп 1990 жылдың қыркүйек айынан бастап газеттің бір беті қазақша «Сақшы» болып шыға бастады. 1992 жылдың сәуірінен бастап газеттің төрт беті орысша, төрт беті қазақша шықты. 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап «Сақшы» өз алдына дербес басылым болып жарық көріп келеді.

«Сақшы», «На страже» газеттерінің басшылары мен тілші деген штат бірлігі кезінде аттестатталған лауазым болды. Соның арқасында талай журналистер офицер атанып, қазір олардың алды отставкада. Аталған басылымдардың тарихына тоқталғанда редакцияның құрылымында болған өзгерістерді де атаған жөн. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде редакция Ішкі істер министрлігінің бір құрылымдық бөлінісі болса, 1993 жылдан бастап 1999 жылдар аралығында редакцияның ұйымдық-құқықтық нысаны «Сақшы - На страже» апталық республикалық газеттерінің ұйымдасқан редакциясы» мекемесі түрінде болды, кейіннен «Сақшы - На страже» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып өзгертілсе, 2005 жылғы 6 маусымнан «Сақшы - На страже» ЖШС болып қайта құрылды. Ал, 2010 жылғы 1 сәуірден бері «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Медиа-орталығы» ЖШС болып өзгертілді.

Ішкі істер органдарының қызметін жариялауда бай тәжірибесі бар Медиа-орталық бүгінгі таңда «Сақшы», «На страже» газеттерінен басқа, «Полиция.kz», «Ардагер» және «Есірткісіз болашақ» атты журналдардың басын қосқан ақпараттық-насихаттық орталыққа айналған. Қазір «Сақшы» аптасына екі рет 8 және 16 бет болып шықса, «На страже» газеті де дәл осындай көлемде жарық көреді.

Басылымдардың 80 жылдық мерейтойына орай бірқатар шаралар өткелі отыр. 24 қазан күні Астанадағы «Думан» қонақүйінің конференц-залында дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Сол күні «Шабыт» концерт залында ұжым журналистері мен тілшілерін және авторларын марапаттау рәсімі және мерекелік концерт жоспарланып отыр.