ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық Кеңесте сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық Кеңестің мүшелері - белгілі қоғам қайраткерлерінің, депутаттық корпус, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес және ғылыми ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ ІІМ-нің басшы құрамының қатысуымен кезекті отырыс болып өтті, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметінен.

ҚР ІІМ жанындағы Қоғамдық Кеңесте сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі талқыланды

Кеңесте «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасын іске асыру шеңберінде ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық құбылыстарын алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәселе қаралды.

Сонымен қатар отырыста Қоғамдық кеңестің 2015 жылы алда тұрған жұмысы және Кеңес мүшелерінің тұрақты жұмыс кездесулерін өткізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды. ІІМ Қоғамдық Кеңесінің төрағасы Марат Қоғамов ішкі істер органдарының күнделікті қызметі жариялы түрде жүргізілуі және полицияның әрбір қызметкерінің заңдылық нормаларын қатаң сақтауына негізделуі тиіс екенін атап көрсетті. Сондықтан ішкі істер органдары бөліністерінің басшылары өздерінің қарамағындағы қызметкерлердің үстінен түскен азаматтардың шағымдарын басты назарға алуы керек. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша ішкі істер органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қосымша шаралар қабылдау, полиция қызметкерлерінің арасында құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу қажеттілігі атап көрсетілді.