ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Қарағандыда фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша республикалық кеңес өткізді

ҚАРАҒАНДЫ. 5 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бүгін Қарағандыға жасаған жұмыс сапары барасында ҚР-да фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселесі бойынша республикалық көшпелі кеңес өткізді.
None
None

Кеңесте атап өтілгендей, елдің Индустрияландыру картасына фармацевтика саласындағы 27 жоба енді, олардың 10-ы іске асырылды. Іске асырылу кезеңіндегі әрбір жоба бойынша ағымдағы жағдай туралы есеп берілді.

Онымен қоса, аталмыш сала өкілдері тез арада шешімін табуды қажет ететін проблемалар жайында айтты. Олардың негізгісі - кадрларды дайындау, жабдықтарды елге кіргізу кезінде сала кәсіпорындарын қосылған құн салығынан босату.

Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы бекітілді. Оның мақсаты кезеңнің соңына қарай, отандық өндіріс есебінен елдің дәрі-дәрмектерге сұранысының 50 пайыз деңгейін қанағаттандыру болып табылады.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2011 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнімдердің отандық өндірістегі үлесі құндық негізде - 13,5, натуралдық негізде - 21,7 пайызды құрады.

Мәжілістің қорытындысы бойынша хаттамалық шешім қабылданды, онда ҚР-ның өңірлерінде фармацевтикалық өнімді сақтауға арналған қоймаларды құру қажеттігі, Ұлттық сараптама орталығында дәрі-дәрмектерді тіркеуден өткізуді жылдамдату атап өтілді.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, түйіткілді мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды. «Бүгінгі күні бар проблемаларды шешу жолдарын анықтау үшін келесі аптада осындай жұмыс тобын құру қажет», - деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда фармацевтикалық өнімді өндіретін 79 тіркелген мекеме жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар