ҚР Ішкі істер министрі Алматыдағы теракт туралы егжей-тегжейлі хабардар етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы террорлық акт кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасына жан-жақты көмек көрсетілсін деген тапсырма берді.

ҚР Ішкі істер министрі  Алматыдағы теракт туралы егжей-тегжейлі хабардар етті

«Бүгін Алматыда террорлық акт орын алды. Өкінішке қарай, тағы да адамдар қаза тапты. Мен қаза тапқан полицейлердің отбасыларына көңіл айтамын. Осы отбасыларға көмек беру үшін тиісті жергілікті органдарға заң аясында барлық шараны қолға алуды тапсырамын. Маған оқиға барысын баяндап беріңіздер деймін, алда қандай іс-әрекетті қолға алатынымызды жоспарлау үшін. Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын  тыңдағым келіп отыр»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

  Бірінші болып, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Президентке Алматы оқиғасының толық хронологиясын мәлім етті.

«Бүгін таңғы сағат  10.54-те белгісіз біреу Алматы аудандық ішкі істер басқармасына келген.  Постыда отырған полиция қызметкері оның құжатын сұрағанда, қылмыскер тапаншасын алып шығып, оған екі рет оқ атқан. Полиция қызметкерін жаралаған соң, қылмыскер оның қаруын алып, кезекші бөлімге қарай бірнеше рет оқ атқан. Аудандық ішкі істер бөлімінің ауласында тұрған адамдарға қарай тағы бірнеше рет қару кезенген. Сол жерде төрт полиция қызметкері мен бір қарапайым адам жарақат алды. Бұл жарақат алған адам біздің бұрынғы қызметкеріміз, қазір зейнетте жүрген адам еді. Осыдан кейін қылмыскер көшеге жүгіріп шығып, көлік тоқтатады да көлікке отырып кетеді. Басында қылмыскер деп анықтаған екінші адамымыз қысым көріп, Байзақов атындағы көшеге баруға мәжбүр болған екен. Қылмыскер шақыру бойынша келе жатқан патрульдік полицияға оқ атқан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратына келіп, тағы бір патрульдік көлікке оқ жаудырған. Осылайша, тағы екі қызметкерімізді жаралады. Артынша, ол оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір оны таптық. Қашқаннан соң ол тағы бір автокөлікті тоқтатып, Шекара қызметінің аға лейтенанты отырған көлікпен Абай атындағы көшеге дейін жетіп қалмақшы болған. Алайда, шекара қызметінің өкілі қарсылық танытқан.  Ол үшінші мекенжайға барған шағында біздің қызметкерлермен атысқан. Бір қызметкеріміз қаза тапты, екінші қызметкеріміз қылмыскерді жаралап, оның қолына кісен салды. Барлық қару тәркіленді. 


 Біздің қызметкерлерге оқ атқан тапаншаны Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің жанынан таптық. Өткен түнде, сағат 03.52-де бұл адам бір әйелді өлтірген. Куәгерлердің айтуынша, қылмыскер түнде жеңіл жүрісті әйелдермен сөзге келген, бір әйел Өзбекстан елінің азаматы екен. Ол жеңіл жүрісті әйел отырған көлікке келіп, такси жүргізушісінен көліктің жарығын қосуды сұрайды, таксист айтқанын орындамаған соң, ол бүгін қылмыс жасаған қарумен атқан. Сөйтіп, көлікті айдап әкеткен. Ол көлікті біз қаза болған әйелдің денесімен бірге таптық»,-деді Қ.Қасымов.