ҚР Ішкі істер министрі Елбасы тапсырмасымен Алматыға ұшады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыға барады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан Қауіпсіздік Кеңесінің жедел отырысына қатысқан ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Туиттердегі аккаунтында жазды.
«Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Қасымовқа Алматыға ұшуды тапсырды», делінген жазбада.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.
«Қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», деп жазды ҚР Премьер-Министрі.
Еске сала кетсек, бүгін белгісіз біреулер Алматының бірнеше ауданында оқ атқан - қазір қалада ҰҚКД ғимараты, Абылайхан көшесі толығымен және Абай даңғылы қоршауға алынды.
Қарулы қақтығыс нәтижесінде 7 полиция қызметкері ауруханаға түсті. Өкінішке қарай, осы атыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мен үш полиция қызметкері қаза тапқаны хабарланып отыр.
Шабуылшылардың бірі дереу құрықталды, екіншісі кейінірек ұсталды. Сондай-ақ Алматы қаласының аумағында террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі белгіленді.