19:16, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы электрондық мемлекеттік сатып алулар жайында пікір алмасты
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Ақмола облысы әкімдігінің конференц-залында ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова электрондық мемлекеттік сатып алулар туралы Заңы және оның бүгіні мен ертеңі турасындағы ойын ортаға салды, жиналғандардың сауалдарға жауап берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бүгінгі таңда бюджеттік қаржыны тиімді әрі үнемді, мақсатты жұмсау бірінші кезектегі міндеттердің бірі ретінде қаралып отыр. Сондықтан да өткен жылдан бастап қолға алынған мемлекеттік сатып алудың электронды жүйесі ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, қаржыны жұмсау тиімділігін қамтамасы етуге бағытталмақ. Басқосуға аудан және қала әкімдері, қаржылық және бюджеттік басқарма құрылымдарының басшылары мен жауапты қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдар мен саяси партиялар, баспасөз өкілдері қатысып, өмірден берік орын ала бастаған сатып алудың жаңа жүйесінен хабардар болып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Өз кезегінде министрліктің бірқатар департамент басшылары тауарлар мен қызмет түрлеріне тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы қағаз жүзіндегі байланыстың жойылып, барлық келісімшарттар электрондық жүйе бойынша атқарылатыны атап көрсетті. Жиналған қауым алдында бұл әдістің тиімділігі, электрондық қарым-қатынастың , оның меңгеруге, тапсырыс беріп, орындауға қатысу шараларының жай-жапсары нақтылы дәлелдермен түсіндірілді. Сонымен қатар бюджеттік жоспарлау, қаржыны ұтымды әрі мақсатты жұмсау, жоспарлау жайы арнайы әңгіме арқауына айналды. Алдағы уақытта осындай пікір алмасу семинарларын облыстың Целиноград және Аршалы аудандарында өткізу белгіленді.