ҚР Көлік және коммуникация министрі БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Чейк Сиди Диаррмен кездесті
Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Кездесу аясында 2003 жылғы тамыздың 28-29-ында Алматыда қаржыландыру мен даму мәселесімен айналысатын донор-елдер мен халықаралық мекемелер, транзиті дамушы елдер, теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің қатысуымен БҰҰ-ның халықаралық министрлік конференциясы жұмысының қорытындысы бойынша қабылданған Алматы іс-қимыл бағдарламасы мен Алматы декларациясының жүзеге асырылу барысы қаралды. Сонымен қатар кездесуде теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдер және транзит елдердің әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігін ұлғайтуға септігін тигізетін Қазақстан Республикасының транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі бағыттары қаралды», делінген баспасөз баянында.
Айта кетейік, бұдан бұрын хабарланғандай мамырдың 24-26-сы аралығында Прага қаласында «Шекараны өту бекеттерінде тиісті басқаруды ілгері бастыру, жер үсті көлігі қауіпсіздігін нығайту, ЕҚЫҰ аймағында халықаралық автомобиль және темір жол көліктері қатынастарын жеңілдету» тақырыбында ЕҚЫҰ-ның 18-ші экономикалық-экологиялық форумының екінші бөлігі өтуде. Отырысқа Ұйымға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың, іскер және сараптаушы топтардың өкілдері қатысады. Аталған шараға қатысушылар арасында ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов бастаған делегация да бар.