11:26, 30 Мамыр 2014 | GMT +5
ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Алматы облысының автожолдарын дамыту жөнінде кеңес өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Алматыдағы филиалында өткен кеңес барысында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев мердігерлік ұйымдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде облыстағы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу, салу және реконструкциялау жұмыстары барысына тұрақты бақылау жасау қажеттігіне баса назар аударды.
Сонымен бірге, кездесуде «Алматы-Қорғас» жолын салу мәселесі қозғалды. Өйткені бұл Қазақстан аумағындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізін реконструкциялау жобасының ең соңғы учаскелерінің бірі болып саналады.
«Алматы-Қорғас» автожолының жалпы ұзақтығы - 304 км. Бүгінгі күнге 4 мердігер ұйым жолдың 8 учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Биылғы жылдың өзінде «Алматы-Қорғас» бағытының 71 километрі бойында қозғалыс ашылады деп күтілуде.
Жалпы бұл жобаны толықтай аяқтау 2015 жылға жоспарланған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң цемент-бетон жамылғысы төселген «Алматы-Қорғас» автожол төрт жолақты қозғалысы бар І техникалық категорияға өткізілетін болады.