ҚР Қорғаныс күштерінің 300-ден астам әскери қызметшісі Алматыда селден зардап шеккендерге көмек көрсетуде (ФОТО)
Бүгін таң сәріде Алматы гарнизонының 327 әскери қызметшісі Қарғалы аулына келді. Әскери қызметшілер сел тасқыны залал келтірген аймақтарда қалып қойған жергілікті тұрғындарға қол ұшын беруде.
«Жеке құрам төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қажетті арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Әскери қызметшілер су басқан тұрғын үйлер мен алаңдарды тазалауда. Бізден талап еткен кез-келген көмекті көрсетуге дайынбыз», - деді ҚР ҚК ҚӘ Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Еркін Алашбеков.
Қажеттілік орын алған жағдайда жеке құрам төтенше жағдайдың нақ ортасында қалып қойған адамдарды тамақтандыру үшін осы жерде далалық асхана өрістетуге дайын.
Естеріңізге сала кетсек, Қарғалы өзеніндегі су деңгейінің арнасынан асуына байланысты Қарағайлы және Тау самалы шағынаудандары ішінара суда қалып қойды. Нәтижесінде Алматы қаласына қарасты Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандарының тұрғын үйлері зардап шекті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, барлығы 900 адам табиғи апат орнынан көшірілді.