ҚР Қорғаныс министрі Ә. Жақсыбеков іссапармен Украинада болып қайтты

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков іссапармен Украинада болып қайтты, деп хабарлайды аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі.
None
None

Сапар барысында Қазақстанның қорғаныс ведомство басшысы өзінің украиндық әріптесі Михаил Ежельмен кездесті.

- Қазақстандық-украиналық әскери байланыстар 2005 жылғы екі ел арасындағы әскери-техникалық қарым-қатынас туралы үкіметаралық келісім және 1997 жылғы әскери байланыстар туралы қорғаныс министрліктері арасындағы келісім шеңбері аясында жүзеге асырылып отыр, - деп атап өтті Ә.Жақсыбеков. - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы байланыстарға, әсіресе, қорғаныс саласындағы қарым-қатынастарға жете мән береді, бұл ретте әскери білім беру бағыты басымдыққа ие, деп атап өтті.

Көрсетілген Келісімге сәйкес Қазақстан әскерінің 17 әскери қызметкері Украина Қорғаныс министрлігі Ұлттық авиациялық университеті С.П. Королев атындағы Житомир әскери институтында қысқамерзімді академиялық (офицерлік) және кәсібилікті арттыру курстарын аяқтады. Бүгінгі таңда 7 отандасымыз білім алып жатса, 2010-2011 оқу жылына тағы 4 курсанттың білім алуы жоспарланған.

Қазақстанның Қорғаныс министрі әскери мамандар даярлау ісінде терең түсіністік танытып, елімізге қолдау көрсеткен Украина басшылығына және осы елдің қорғаныс министріне алғысын білдірді.

Әділбек Жақсыбекев осындай екіжақты кездесулер екі ел арасындағы әскери байланыстарға тың серпіліс беретінін айтып, украиналық әріптестерге төл әскерімізде орын алып отырған оң өзгерістер жайында мағлұмат берді.

- Қазіргі таңда біздің Қарулы Күштер сапалық өлшемдерді арттыру жолымен қайта жаңару жолында, бұл дегеніміз 2015 жылы Қазақстан әскері жаңа келбетте болады, - деп атап өтті қорғаныс министрі. - Біз халықаралық жоғары стандарттарға сай, кез келген тапсырманы орындауға қабілетті кәсіби әскер құру жөніндегі Елбасының стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асырудамыз. Әлбетте бұл істе әріптестеріміздің қолдауынсыз және халықаралық озық үлгілерді зерделемей іске асыру мүмкін емес.

Қорғаныс ведомствосының басшысы екі ел арасындағы бағыттар мүмкіндік көкжиегі кең бола тұра әскери саладағы байланыстардың көңілден шықпайтынын айтты.

Кездесу барысында бірқатар мәселелер талқыланды. Қорғаныс ведомство басшылары «Қазақстан Инжиниринг»Ұлттық компаниясы» АҚ жанында бірлескен кәсіпорын негізінде танк, жауынгерлік машиналар, бронетранспортерлер тәрізді азулы техниканы күрделі жөндеуден өткізу және жаңарту тұрғысында ұсыныстарды қарастырды. Сондай-ақ, келешекте технология трансфертін және тәжірибе алмасу мүмкіндігі болатын Қазақстан жерінде қару-жарақ пен әскери техниканы түрлі жөндеулерден өткізуге мүмкіндік беретін қосалқы бөлшектер мен құрал-жабдықтар шығару бірлескен кәсіпорын ашу мәселесі де талқыланды.

Әскерлерді басқару органдарын жетілдіру тәрізді өзекті мәселелерді қамтитын тереңдетілген қарым-қатынастарды дамыту мақсатында Қазақстанның Қорғаныс министрі украиналық әскерилерді қазақстан жерінде өтетін түрлі шараларға қатысуға шақырды. Атап айтқанда, мергендер жұбы және барлау топтары арасындағы жарыстарға қатысып, тәжірибе алмасуға атсалысуға шақырды. Бұл екі ел арасындағы әскери қарым-қатынастарға жасалған нақты қадамдар болмақ.

Мергендер жұбы мен барлау топтары арасындағы жарыстар келер жылғы шілдеде «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Спасск» полигонында болады деп жоспарланған. Бұл жарыстар Беларус Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасының әскерилерінің қатысуымен 2008, 2009 және 2010 жылдары өткізілді. Келер жылы Белоруссия, Ресей, Түркия, Германия, Қытай және Иордания Қарулы Күштерінің өкілдері қатысады деп күтілуде.

Киевте Әділбек Жақсыбеков бастаған қазақстандық әскери делегация Украинаның Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Бұл осы елдің әскери білім жүйесінің кадрлар даярлайтын ұстаханасы ісспетті ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылады. Оқу орны тек қана Украина Қарулы Күштері үшін емес, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы, Әзірбайжан Республикасы армияларына да мамандар даярлайды.

Қазақстандық әскерилер «Укрспецэкспорт» Мемлекеттік мекемесінде болып, қызметімен танысты. Келесі күні авиация және танкке қарсы кешендердің қажетіне жарар қосалқы бөлшектер жасайтын үздік мекемелердің бірінен саналатын «Луч» Мемлекеттік Киев конструкторлық бюроның және ұшу аппараттарына қажет бөлшектер жасаумен танылған «Адрон» ғылыми-өндірістік фирмасында болды. Украинаның Қорғаныс министрлігіне қарасты «Киев механика-жөндеу зауыты» мекемесі де назардан тыс қалмады.

Осы үлкен мекемелердің басшыларымен болған кездесулерде Әділбек Жақсыбеков Қазақстан тарапы екіжақты келісімдер жасап бірлесе жұмыс жүргізуге мүдделі екенін жеткізді. Алдағы уақытта осы тиімді тұстар қарастырылып, нақты шешімдер қабылданатын болады деп атап өтті министр. Бұл мәселелер Украинаның Қорғаныс министрімен толықтай талқыланды.

Сондай-ақ әскери-техникалық мүмкіндікті арттыруда Қазақстан тарапы отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне сенім артатынын ашық айтты.

Ресми сапардың соңында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қазақстандық-украиналық кездесулер алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба беретінін және бұл шаралардың екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға септігін тигізетініне мол сенімін білдірді.

Соңғы жаңалықтар