ҚР Қорғаныс министрі Ақтауда әскери-теңіз және авиация базаларына жауынгерлік тулар тапсырды
Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жолы Қорғаныс министрінің қолынан жауынгерлік рух пен қаһармандықтың белгісі - қасиетті туды Әуе қорғанысы күштеріне қарасты әскери бөлім командирі полковник Ерлан Қозығұлов пен Әскери-теңіз күштерінің құзырындағы әскери бөлім командирі 1 дәрежелі капитан Серік Боранбаев қабылдап алды.
- Қазақстан әскері ел Тәуелсіздігін сенімді күзетуде, - деп атап өтті Әділбек Жақсыбеков. - Бүгін екі құрылымдық бөлімше өздерінің басты нышандарын иеленіп отыр. Жауынгерлік ту қай кезде де абыройдың, ерлік пен даңқтың айнымас белгісі болған. Біздің мемлекеттің азаматтары, сарбаздар мен сардарлар Отанымыздың Тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын жан салып қорғайды.
Жауынгерлік ту әскери бөлімдерге ел Президентінің атынан табысталады. Бұл кез келген әскери бөлімнің жауынгерлік мақсатын, тарихы мен жүріп өткен жолын, сондай-ақ Қарулы Күштерге қатыстылығын көрсететін айрықша құрметті белгісі.
Сонымен қатар, министр отандық «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кемесінің командиріне де әскери-теңіз туын табыс етті. Отандық өнім саналатын бұл жауынгерлік кеме Қазақстан Қарулы Күштеріне 20 жыл толу қарсаңында Әскери-теңіз күштеріне берілген болатын.
Кемеде көтерілген әскери-теңіз туы осы кеменің жауынгерлік туы және рәмізі болып саналады.
- Каспий аймағы ғаламдық маңызға ие стратегиялық аумаққа айналып отыр, - деп атап өтті Қорғаныс министрі. - Мемлекетіміз бұл жерде заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен жарақтанған, Каспий аумағындағы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын әскерлер тобын құру шараларын қабылдауда.
Қорғаныс ведомствосының басшысы Ақтау гарнизонының жеке құрамын айтулы күнмен құттықтап, оларға зор денсаулық, жауынгерлік рух және кәсіби біліктілік тіледі.