ҚР Қорғаныс министрлігінде елімізде тіркелген әскери дипломатиялық корпус үшін брифинг өтті

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Әсет Құрманғалиевтің төрағалығымен елімізде тіркелген әскери дипломатиялық корпус үшін брифинг өткізіліп, онда жыл бойы бірігіп жасалған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.
None
None

Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.

Брифингте 24 елдің өкілдері мен әскери атташелеріне ҚР Қарулы Күштерінде болып жатқан жаңалықтар туралы, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимыл жөнінде хабарланды. Кездесуді ашқан Қорғаныс министрінің орынбасары Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы ел халқына жолдаған өз Жолдауында: «Біздің саясатымыз барлық серіктестеріміздің үміті мен сеніміне сәйкес келеді», - дегенін атап өтті.

«Бүгінде Еуразияда ЕҚЫҰ, НАТО, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты қауіпсіздіктің архитектурасы саналатын теңдесі жоқ ұйымдар қалыптасты», - деді өз сөзінде Ә.Құрманғалиев.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту аспектілері бойынша байланыстар нығаюда. Қазақстан аймағында 2010 жылы лаңкестікке қарсы ШЫҰ-ның «Бейбіт миссия-2010» жаттығуы өтті. Үстіміздегі жылғы наурыз айында Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейлі саммиті қарсаңында ШЫҰ қорғаныс министрлерінің кеңесі өтіп, онда өңірлік қауіпсіздікті және келешекте әскери саладағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету мәселелері қаралатын болады.

ҰҚШҰ шеңберінде де байыпты қадамдар жасалды. Әскери ынтымақтастықты нығайтуда негізгі күш Ұйымға мүше-мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін жетілдіруге, әскери-техникалық және әскер-экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға, Қарулы күштерге қажет әскери кадрларды әзірлеуге жұмылдырылды. «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы шеңберінде НАТО-мен ынтымақтастық үдемелі әрі қарқынды дамуда. Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен НАТО арасындағы серіктестік әрекеттің Жеке жоспарына (СӘЖЖ) сәйкес жүзеге асырылуда. Өткен жылы қазақстандық «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы бойынша «ҚАЗЦЕНТ» оқу орталығы Одақ арқылы танылды. 2003 жылдан бері өткізіліп жүрген «Дала қыраны» атты қазақстан-британ жаттығуы, келесі жылдан бастап «Бейбітшілік үшін серіктестік» шеңберінде өтетін болады. Жыл бойы екіжақты байланыстар шеңберіндегі әскери ынтымақтастық табысты жүзеге асырылды.

Геосаясаттық жағдайдың ортақтығы, мәселеге көзқарастың ұқсастығы, экономикалық ықпалдастықтың жоғары деңгейі есепке алынып, Ресей Федерациясымен арадағы әскери ынтымақтастық белсенділікпен дамуда. Қытаймен арадағы ынтымақтастық тұрақты. Америка Құрама Штаттарымен әскери салада өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Бұған еліміздің қорғаныс ведомстволары арасындағы бесжылдық ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыру негіз бола алады. Түрік Республикасы маңызды серіктестіктердің бірі, олармен арадағы әскери ынтымақтастық сапалылығымен құнды. Испания, Франция, Литва, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Корея және де басқа мемлекеттермен арадағы ынтымақтастық қарқын алуда.

Әскери саладағы байланыстар, әскери және әскери-техникалық шаралар жоспары көпжақты және екіжақты мемлекеттік және үкіметаралық келісімдер мен шарттар негізінде жүзеге асырылуда.

Кездесу соңында Қорғаныс министрінің орынбасары Әсет Құрманғалиев әскери-дипломатиялық корпусқа бірлесіп атқарған жемісті еңбектері үшін ризашылығын білдірді, болашақта ұзақ мерзімді тиімді серіктестікке қол жеткізуге үміт артатындығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар