ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Еуропа елдеріндегі «жасыл» технологияларды қолдану тәжірибесімен танысты

Іссапарға Қоршаған орта және су ресурстары, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің сарапшылар тобы қатысты.
Берлинде ГФР қоршаған орта және ядролық реакторлар қауіпсіздігі министрлігі мен «Clarion» консалтингтік компаниясының басшылығымен кездесулер өткізілді. Тараптар ЖЭК-ін Германия мен Еуропа елдерінің 20 жылдық дамыту тәжірибесін талқылады.
Германияда белгіленген тарифтерді енгізу ісіне мемлекеттік қолдау көрсету арқасында бүгінгі күні елдегі энергияны тұтынудың жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесін 15 %-ға жеткізуге мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар мемлекет жеке үйлер, фермерлік және коллективті шаруашылықтар, сондай-ақ, кооперативтер үшін жаңартылатын энергия көздерінен жаппай электр және жылу энергиясын өндіруді қолға алды.
Сонымен қатар қазақстандық делегация «DIW econ GmbH» консультативтік институтының, дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінен қуат өндіруші «RWE Innogy GmbH» сынды ірі компанияның, энергия таратушы «50 Hertz» компаниясының және «RENAC» ЖЭК академиясының өкілдерімен кездесулер өткізілді. Онда Германияның ЖЭК-ін дамыту мақсаттары, қолдау механизмдері қарастырылып, ЖЭК-нен өндірілетін қуаттың тарату желілеріне ендірудің техникалық мәселелері талқыланды.
Қазақстандық делегацияның мүшелері «Energiequelle GmbH» компаниясының Берлиннен 100 км. қашықтықта орналасқан Фелдхейм поселкесіндегі (энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз алғашқы елді мекен) қуаттылығы 75 МВт жел паркі мен 500 кВт биогаздық стансасының жұмысымен танысты. Сонымен қатар делегация Берлин маңындағы Гросс-Долльн қалашығында «BELELECTRIC» компаниясының қуаттылығы 128,4 МВт күн стансасына барды.
Мадридте Қазақстан делегациясы индустрия, туризм және сауда министрлігі мен жел және күн энергиясы қауымдастықтары, сондай-ақ, ЖЭК-ін дамыту ісі бойынша әлемдегі көш бастап келе жатқан кәсіпорындардың бірі - «Iberdrola» компаниясының басшыларымен кездесулер өткізді.
Испания күн энергетикасын дамытуда соңғы 10 жылда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен, бұл елдің энергетикалық жүйесі біршама қиындықтарды өткеруде. Бұл, негізінен, саланың жоспарлау жүйесіндегі олқылықтар мен сала дамуының нақты индикаторларының белгіленбегендігінен туындап отырған мәселелер. Кезінде ЖЭК және дәстүрлі энергетикалық нысандардың бақылаусыз, ел қажеттіліктерін ескерместен іске қосылуы, бүгінгі күні олардың тұрып қалуына себеп болды. Өйткені, дәстүрлі нысандарда өндірілген энергияға деген сұраныс азайған. Өз кезегінде, ЖЭК секторы өндірген қуат жоғарылатып белгіленген тарифтер бойынша сатып алынады. Бұл түптің түбінде тұтынушылар үшін энергия бағасын айтарлықтай көтереді.
Испаниялық қоғамдастықтар өкілдері қазақстандық әріптестерімен ЖЭК-ін ендіру, түрлі технологияларды қолдану, жобалау және желілерге ендіру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді.
Копенгагенде қазақстандық делегация өкілдері «State of Green» қоры мен «Danfoss», «Ramboll», «Vestas» компанияларының басшыларымен кездесті.
Делегация «жасыл» технологияларды қолдану тәжірибесінің көрнекті алаңы - «State of Green» қорының энеготиімді кеңсесімен танысты.
«Жасыл» экономикаға көшуде Дания Еуропа елдері арасында көш бастап келе жатқан мемлекеттер қатарында. Бұл елде ЖЭК, энерготиімділік, су ресурстарын басқару, су көздерін тазарту, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану, қалдықтарды басқару салаларын дамыту бағытында биік мақсаттар қойылған.
Данияда жел энергетикасы белсенді түрде дамып келеді. Бұл салада 40 жылдық тәжірибесі бар «Vestas» компаниясы көш бастап келе жатыр. Компания технологиялары желдік климаттары әртүрлі бірқатар елдерде қолдануда. «Danfoss» және «Ramboll» компанияларының өкілдері энерготиімділік және энергияны үнемдеу технологияларын ендіру тәжірибелерімен бөлісті.
Іссапар нәтижесінде мемлекеттік органдардың мамандары «жасыл» экономика мен ЖЭК-ін дамытудың үздік практикасымен қатар, жаңа технологияларды ендіру мен «жасыл» экономика секторларын қолдаудың проблемалық мәселелерімен жан-жақты танысты. Сарапшылар іссапар барысында алған тәжірибе мен мәліметтердің Қазақстанда «жасыл» экономика мен ЖЭК-іне мемлекеттік қолдау көрсетуді реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша жүргізілетін жұмыстардың сапасын жақсартуға себеп болатындығына сенімді. Бұл туралы ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінен хабарлады.