ҚР ІІМ Алматы академиясы жаңа оқу жылына құжаттар қабылдай бастады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бакалавриат бағдарламасы бойынша оқытуға құжат қабылдай бастады. 

ҚР ІІМ Алматы академиясы жаңа оқу жылына құжаттар қабылдай бастады
Фото: freepik

Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының оқытушысы Альбина Тұрғынбаеваның айтуынша, академия криминалды полицияның, киберқылмыспен күрес бөлімшелерінің, әкімшілік полицияның, сонымен бірге тергеу бөлімшелері, ақпараттандыру мен байланыс қызметінің мамандарын даярлайды.

Оқу бағдарламасына мыналар кіреді: 

- «Құқық қорғау жұмысы»;
- «Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл»;
- «Ішкі істер органдарының жұмысын IT-криминалистика тұрғысынан қамтамасыз ету (Цифрлы криминалистика)»;
- «Ішкі істер органдарын ақпараттық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету»;
- «ІІО-ғы сотқа дейінгі тергеу».

Алматы академиясының бакалавриатына 16 жасқа толған, орта білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары түсе алады. Байқауға қатысу үшін ҰБТ-дан кем дегенде 50 баллдан, оның ішінде әр пәннен 5 баллдан жинауы тиіс. «Оқу сауаттылығы» мен «математикалық сауаттылық» пәнінен өту балы 3 баллдан төмен болмайды.

– Қазақстан Республикасының Ұлттық Гвардиясында әскери міндетін өтегендерді, алған балы талапқа сай келетіндерді, ҰБТ-дан 100 не одан да жоғары балл алғандарды, спорт шеберлерін, жұмыс барысында қаза болған полиция қызметкерлерінің балаларын байқаудан тыс қабылдаймыз, - деді кәсіби даярлық факультетінің оқытушы-әдіскері Мадина Бейілқызы. 

Одан бөлек үміткерлер іріктеу кезінде мына жаттығулардан өтеді:

- 100 метрге жүгіру (жігіттер, қыздар);
- 1 000 метрге жүгіру (жігіттер, қыздар);
- Биік бағанға тартылу (жігіттер);
- Шалқасынан жатып денені 1 минут бойы көтеріп ұстау (қыздар).

Еске салайық, биыл 217 мыңға жуық мектеп түлегінің 183 мыңы ҰБТ тапсыратынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар