ҚР Мәдениет және спорт министрі халық алдында есеп берді

Қазақстан тұрғындары мәдениет, өнер, спорт, тілдерді дамвту, туризм саласындағы өздерін қызықтыратын сұрақтарына министрден тікелей жауап алды. Сондай-ақ, сайт арқылы еліміздің барлық аймақтарының тұрғындары да министрге тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Өзге облыстардың өкілдері үшін Министрліктің ресми сайтында сұрақ қою функциясы бар арнайы бөлім ашылды.
Естеріңізге сала кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Бірнеше мәрте ҚР Президенті Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған. Мәдениет саласында «World master» жоғары атағына ие. 2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып жұмыс істеген. Сондай-ақ, ол ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің мәдениет секторының меңгерушісі болған.
2008-2014 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған. Ал 2014 жылғы 14 наурыздан ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мәдениет министрі қызметіне тағайындалады. 2014 жылғы 12 тамызда аталған министрлік Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлгі болып өзгертіледі.
Есептік кездесу барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы Министрліктің есеп беру аралығындағы қызметі туралы баяндап, құзырындағы салаларда атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік органның болашақ жоспарларымен бөлісті.
Ведомство басшысы есептік кездесу жылдың ең ауқымды шарасы - Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің қарсаңында өтіп жатқандығына баса назар аударды.
«Барлық делегаттар мен қонақтар ЭКСПО-ның мәдени бағдарламаларына белсенді түрде қатысады және көрменің керемет мазмұнды шығармашылық бағдарламаларынан ләззат алуға, Қазақстан халқының бірегей өзіндік тарихи мұраларымен, оның қазіргі заманғы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алады. Тек өткен осы 4 күннің өзінде ЭКСПО-ға арнайы салынған Этноауыл ұлттық-мәдени кешенін бірнеше мыңнан астам адам тамашалаған. «Нон-стоп» режимінде жұмыс істейтін Этноауылда қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің барлық түрлері, ұлттық спорт түрлері, дәстүрлі аңшылықтың түрлері, ұлттық тағамдар соның ішінде Қазақстан халқы ассамблеясының асханалары, өңірлердің Мәдени күндері және тағы бақалар ұсынылады» - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрінің халық алдында есеп беру кездесуі Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығы шеңберінде ұйымдастырылды. Аталған жарлыққа сәйкес, орталық атқарушы органдардың басшылары жыл сайын жылдың екінші ширегінде қоғам өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізу көзделген. Кездесу барысында аймақтармен бейнеконференция арқылы байланыс қамтамасыз етіліп, жүргізіліп жатқан мемлекеттік реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың маңызды көрсеткіштеріне қол жеткізу және сәйкес салаларды дамыту аясындағы міндеттер туралы ақпарат беріледі.