17:43, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев жұмыс сапарымен Америка Құрама Штаттарына аттанды
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев жұмыс сапарымен Америка Құрама Штаттарына аттанды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ақпанның 2-і мен 6-сі аралығындағы сапар аясында Қ.Саудабаев АҚШ Әкімшілігі мен Конгресінің жоғары лауазымды мүшелерімен, саяси және іскер топ өкілдерімен, Қазақстан және Орталық Азия жөніндегі жетекші ғылыми сарапшылармен кездесулер өткізеді.Америка тарапының шақыруы бойынша ҚР Мемлекеттік хатшысы Ұлттық ғибадат ету ертеңгілік асына қатысады. Аталған шара жыл сайын ақпан айының басында Вашингтонда АҚШ Президенті мен Вице-президентінің, Әкімшілігі мен Конгресс мүшелерінің және арнайы шақырылған шетелдік қонақтардың қатысуымен барлық ұлттар мен діндерге ортақ құндылықтар арқылы әлемдік саясаткерлер арасындағы өзара түсіністікті нығайту мақсатында өткізіліп отырады.Сапар барысында Қ.Саудабаев «Ядролық қатерді азайту жөніндегі бастама» қоры директорлар кеңесінің кездесуінде сөз сөйлеп, Монтерей халықаралық зерттеулер институтының Ядролық қаруды таратпау проблемаларын зерттеу орталығының атынан берілетін қонақасыға және АҚШ-тың жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі ? Карнеги қорында америкалық саясаткерлердің, сарапшылар мен іскер топ өкілдерінің қатысуымен өтетін «дөңгелек үстелге» құрметті қонақ ретінде қатысады деп жоспарланып отыр.