ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қ. Саудабаевтың ЕҚЫҰ Атқарушы Төрағасы ретіндегі алғашқы шетелдік сапары өтеді

Бұл Қ. Саудабаевтың Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Атқарушы Төрағасы ретіндегі бірінші шетелдік сапары болып табылады. Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифинг барысында аталмыш ведомствоның ресми өкілі Асқар Әбдірахманов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сапар аясында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің Австрия президенті Хайнц Фишермен, Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггермен кездесулері орын алмақ. Бұндай жүздесулер барысында қазақстандық дипломатияның басшысы өзінің әріптестерімен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты қамтитын сұрақтар, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады деп күтілуде. Келіссөздер қорытындысы бойынша инвестицияларды қорғау және өзара қолдау туралы үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланған. Астана Венаны өзінің Еуропалық Одақтағы аса маңызды саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастырады және осы елмен екіжақты қарым-қатынасты барлық деңгейде ілгерілетуге мүдделі», деді А. Әбдірахманов.
Ресми өкілдің айтуынша, Қ. Саудабаевтың сапары барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Венада орналасқан құрылымдарының басшыларымен келіссөздері де жоспарланған. Халықаралық атом энергетикасы ұйымы, Есірткі қылмысына қарсы мәселелер басқармасы, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімшарт ұйымы басшыларымен жоспарланған кездесулер барысында Қазақстанның аталмыш мекемелермен ықпалдастығы жайы талқыланбақ.