ҚР мен ҚХР мұнай-газ саласындағы техникалық әріптестік аясын кеңейтеді
Келісім Оңтүстік-Торғай бассейніндегі Оңтүстік Құмкөл ұңғымасынан алынатын шикізат көлемін ұлғайту ісіндегі әріптестікті дамытуды көздейді.
Аталған кенішті «ПетроКазахстанКумкольРесорсиз» (ПККР) АҚ атты бірлескен кәсіпорын игеріп жатыр. Ол ұңғымаға полимерлік ерітінділерді жіберу арқылы сынама - пилоттық тәжірибені жүзеге асырмақ. Тәжірибе оң нәтиже берген жағдайда, бұл технологияларды Оңтүстік-Торғай бассейнінің өзге де кеніштеріне енгізу мүмкіндігі қарастырылады.
Бұдан бөлек, аталған келісімшарт аясында қазір «МаңғыстауМұнайГаз» бірлескен кәсіпорыны игеріп жатқан Қаламқас кен орнындағы мұнай қабаттарына таңдамалы түрде, мұнай қыртыстарына су жіберу арқылы өндірілетін шикізат көлемін арттыруға бағытталған зерттеу жүргізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, тараптар Қазақстанның Қызылорда облысында шығып жатқан ілеспе газды қайта өңдеп, сұйық көмірсутегін шығару ісіне зерттеу жүргізу саласындағы әріптестікті дамыту туралы уағдаласты. Зерттеулер оң нәтиже берген жағдайда, тараптар аталған аймақта газ-химия жобасын жүзеге асыру бастамасын қуаттап, қолдайды.
Келісімді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев пен Қытайдың Ұлттық Мұнай-газ корпорациясының вице-президенті Ван Дунцзинь рәсімдеді.