ҚР Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларды адал күреске шақырды

«Біздің семинар ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттарының депутаттарын сайлау науқаны барысында сайлау заңнамасының нормаларын сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары аясында жүргізіледі», - деп атап өтті ҚР ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос, семинардың жұмысын ашу барысында.
Сонымен қатар ол саяси партияларды адал күреске шақырды.
«Сайлау қатысушылары сайлау заңнамасының ережелерін сақтап қана қоймай, лас саяси технологияларды қолданбай сайлауалды күресті адал жүргізгені маңызды», - деді Фоос.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары 20 ақпанда жұмыстың ең тиімді кезеңі - сайлау алды үгіт-насихат басталатынын еске салды.
«Сол кезде саяси партияларда жұмыс та көбейе түседі», - деп қосты ол.
Семинар жұмысына ҚР ОСК мүшелері, ҚР Бас прокуратурасы 1-ші департаментінің бөлім бастығы С.Сәмет, ЕҚЫҰ бағдарламалары Астанадағы кеңсесінің, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның және «Қазақстан заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысты.