ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Украина Жоғарғы Радасының Төрағасымен кездесті

         АСТАНА. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат. Бүгін Киевте өтіп жатқан еуропалық қауіпсіздік мәселелері бойынша Халықаралық парламенттік конференция мен ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің көшпелі отырысына қатысушы Парламент Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ ПА Вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Жоғарғы Радасының Төрағасы, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Владимир Литвинмен кездесті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

         Кездесу барысында Қ.Тоқаев қазіргі заманғы халықаралық қатынастарға қатысты көптеген мәселелер бойынша екі ел ұстанымдарының сәйкестігін атап өтті.

         Төрағаның айтуынша, сындарлы ынтымақтастық парламентаралық ұйымдардың аясында да қамтылған.

         «Парламентаралық байланыстардың дамуы мен заң шығару қызметі бойынша іс-тәжірибе алмасу екі ел арасындағы қатынастарда елеулі орын алады»,- деп атап өтті Қ.Тоқаев.

         Төрағаның пікірінше, екі мемлекет  арасындағы парламентаралық ынтымақтастық саяси үн қатысу мен түрлі салаларды қамтитын экономикалық өзара іс-қимылдарды нығайтуға септігін тигізеді.

         Қ.Тоқаев сонымен қатар, қазақстандық парламентшілердің парламентаралық байланыстар аясында 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалыққа әзірлік жұмыстарын жалғастырып жатқандығынан хабардар етті.

         ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы, Еуропарламент, НАТО Парламенттік Ассамблеясы секілді халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысу Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының халықаралық қызметіндегі маңызды бағыттар болып табылады.

         «Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында еуропалық парламентшілермен, оның ішінде украиналық әріптестермен өзара тығыз іс-қимыл болатындығына сенім білдіреміз»-, деді Төраға.

         Қ.Тоқаев сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен үстіміздегі жылдың 1-2 шілдесінде Астанада өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі Қазақстанның мәдениетаралық диалогтың жаһандық үрдісіне қосқан елеулі үлесі екендігін атап өтті.

         Төраға Украина Жоғарғы Радасының Төрағасы Владимир Литвинді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар