Қазақстандағы алғашқы референс-зертханада қандай сараптамалар жүргізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ПІБ Медорталығының Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы Биологиялық қауіпсіздік туралы заңды жүзеге асыру аясында биологиялық қауіпсіздік саласында Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы референс-зертхана атанып отыр.
Бұл мәртебе Орталық зертханалары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы №22 «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің референс-зертхана жүйелерін құру туралы» ұсынымдарына сай келетінін айғақтайды. СЭСО-ның референс-зертхана ретінде аккредиттелуі халықты санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен қамтуда маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ жергілікті бизнес өнімдердің қауіпсіздігін халықаралық деңгейде растау қызметін жеңілдететінін атап өткен жөн. СЭСО зертханаларында жасалған сараптамалар ILAK (Зертханаларды аккредиттеу жөніндегі халықаралық қауымдастық) құрамындағы 112 елде мойындалады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова атап өткендей, мұндай референс-орталық жұмыс сапасын сыртқы бағалау жүйесінің, сонымен қатар диагностикалық күрделі әрі сараптамалық жағдайларда зертханалық зерттеу жүргізудің маңызды элементі саналады.
«Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жоғары дәлдіктегі бірегей зертханалық жабдықтармен жабдықталған, мұнда жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Соның арқасында күрделі зертханалық зерттеулерді сапалы әрі жедел жасауға жол ашады. Бұл елімізде биологиялық қауіпсіздік жүйесін құруда өте маңызды», - деп атап өтті Л. Бюрабекова.
Айта кету керек, тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, сонымен қатар жеке ұйымдар да СЭСО зертханалық сараптама қызметін пайдалана алады. Демек, бизнеске өнімді экспортқа шығару үшін немесе өз объектілерінде өндірістік бақылауды жүзеге асыру үшін орталықтың зерттеу нәтижелері пайдалы болуы мүмкін.
«Біздің сынақ зертханамыз тәуелсіз, техникалық құзыреті мол, сынақ нәтижелерінің сапасы күмәнсіз. Аккредиттелген зертхананың сараптамалары халықаралық деңгейде мойындалады. Бұл өндірушілердің және экспорттаушылардың шығынын азайтады, олар зерттеулердің кең спектрін ескере отырып, белгілі бір өнімге толыққанды сараптама жасай алады, шетелде қайтадан сынақ жүргізіп қосымша шығынға ұшырамайды», - деді СЭСО басшысы Сәуле Шәріпова.
Айталық, ССЭО зертханасында ауа, су, топырақ сияқты сыртқы орта объектілеріне, сондай-ақ тамақ өнімдеріне, полимерлі материалдарға және басқа да өнім түрлеріне кешенді зерттеу жүргізуге болады. Жалпы, референс-зертхананың жұмысы қоршаған ортаны сауықтыруға және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауатын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, СЭСО-ның 8 зертханасында бактериологиялық, паразитологиялық, молекулярлық-генетикалық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық, хроматографиялық зерттеулер жүргізіледі, диоксиндер анықталады және физикалық факторлар (ион және электромагниттік сәулелелер, шу мен жарық деңгейі, микроклимат) ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес өлшенеді.
Сондай-ақ, орталық мамандары қызметі тамақ өнімдері мен ауыз суды өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен және өткізумен, балаларды тәрбиелеу мен оқытумен, халыққа коммуналдық және тұрмыстық қызмет көрсетумен байланысты кәсіпорындарға халықаралық тренингтер мен санитарлық-гигиеналық оқыту өткізеді.
Маусым айының басында Орталық базасында Еуропалық комиссияның қолдауымен Халықаралық тренинг орталығы мен уытты-ақпараттық орталық ашылды.
Осы жылдың басынан бері ҚР ПІБ Медициналық орталығының санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының ұжымы 775 мыңнан астам зерттеу жүргізді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда зерттеулер саны екі есе өсті.