ҚР Премьер-Министрі 2020 жылға дейінгі кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасының негізгі тұрғыларын мақұлдады

ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев мәлім еткендей, «Кешенді тұжырымдаманың негізгі тұрғылары бизнес-қауымдастықтың қатысуымен, Елбасы тапсырмаларын орындау аясында, сондай-ақ халықаралық тәжірибені есепке ала отырып әзірленді».
Тұжырымдаманың мақсаты - кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімді жүйесін құру болып табылады.
Е. Досаевтың пікірінше, оған қол жеткізу үшін «рұқсат беру заңнамасының жаңа қағидаларын енгізу, бизнестің өзін-өзі реттеуін дамыту үшін жағдай жасау, салық және кеден әкімшілендіруін жетілдіру, тұтынушыларды қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ бизнесті ашу мен жабу үрдістерін жеңілдету» сияқты мәселелерге қатысты бірқатар жүйелі міндеттерді шешу қажет.
ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі басшысының пікірінше, «мемлекет пен бизнес әріптес болуы қажет және мемлекеттің өз функциясын жүзеге асыруы қызмет көрсету сипатында болуы тиіс».
Сонымен бірге, «Тұжырымдаманың міндеті - өзін-өзі реттеуді әкімшілік енгізу емес, оның қалыпты дамуы мен кезең-кезеңмен енгізілуі үшін жағдай жасау», - деді Е. Досаев.
Министрдің пікірінше, «бизнес үшін заңнаманы үнемі жеңілдету қажет емес. Кейде керісінше, заң бұзушылар үшін жауапкершілікті қатайту керек».
Кеңесті қорытындылай келе, Серік Ахметов ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне «Атамекен» ҰЭП-мен бірлесіп «дөңгелек үстел» барысында бизнес-қауымдастықтың ұсыныстары мен ескертпелерін назарға алу үшін Тұжырымдаманың бағыттарын талқылауды тапсырды. «Жалпы алғанда, Тұжырымдаманың тұрғыларын мақұлдауды ұсынамын», - деп қорытындылады Премьер-Министр.