ҚР Премьер-Министрі Ақмола облысының жаңа әкімін таныстырды

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Ақмола облысының жаңа әкімі Қосман Айтмұхаметовты таныстырды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
None
None

Өңірге жұмыс сапары ауқымында С.Ахметов мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, онда Мемлекет басшысының облыс басшысы қызметіне Қ.Айтмұхаметовті бекітуді ұсынған хатын оқып берді. Депутаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сессия аяқталғаннан кейін Үкімет басшысы облыс активіне жаңа әкімді таныстырды.

«Қосман Қайыртайұлын сіздер жақсы білесіздер. Ол осы өңірдің тумасы, еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастап, басшылық жұмыстарда ойдағыдай еңбек етті. Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болды», - деді С.Ахметов.

Премьер-Министр сондай-ақ облыстың бұрынғы әкімі Қайрат Қожамжаровқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтты, оның басшылығымен облыс әлеуметтік-экономикалық дамуда жақсы көрсеткіштерге жетті, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті, туризм саласын дамытуда үлкен жұмыстар жүргізілді.

Өз кезегінде Қ.Қожамжаров өзіне көрсетілген жоғары сенім үшін Президентке алғысын білдірді.

Бұған дейін белгілі болғандай, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қ.Қожамжаров ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалған болатын.

Соңғы жаңалықтар