ҚР Премьер-Министрі Алматыдағы нөсердің салдарын жою бойынша жұмыстарды жеке өзі тексермек

«Интернетте, әлеуметтік желілерде біздің сүйікті қаламызда қалқып жүрген «тесланың» (электромобиль) арқасында теріс мағынада танылды. Қалайша осындай жағдай туындады, проблема неде?» - деп сұрады К. Мәсімов селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбекке қаратып айтқан сөзінде.
Өз кезегінде қала басшысы Алматыда тек мамыр айында 108 миллиметрлік орташа айлық норманың орнына 200 миллиметр жауын-шашын түскенін атап өтті. Яғни, жауын екі есе артық жауды. Ал 17 маусымда, өткен жұмада үш сағатта 47 миллиметр жауын (айлық норма 60 миллиметр) жауды, сондай-ақ таулы жерлерде оның деңгейі 57 миллиметрге жеткен.
«Нәтижесінде су басудың 94 оқиғасы орын алды. Оның ішінде 25-і жеке үйлерде, 69-ы аула аумағында. Нөсер салдарын жою үшін ТЖ жөніндегі департамент базасында 110 адамнан құралған азаматтық қорғаныстың, коммуналдық қызметтерді тарту арқылы жедел штаб жасақталды. Сонымен қатар осында 28 техника мен 25 мотопомпа қамтылып, 1350 қапшық пайдаланылды. «109» қызметіне 332 мәрте қоңырау шалынып, олардың баршасына тиісті шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы 100 өтінім жасалды, бұл ретте барлық мәселелер шешілді. Кешқе қарай су басқан негізгі орындар қалпына келтірілді, ал таңертеңге қарай қала бойынша жұмыстар аяқталды»,-деді Б. Байбек.
Өз кезегінде К. Мәсімов Алматыда нөсер салдарын жою бойынша жұмыстарды жеке тексеруге ниетті екенін айтты.