ҚР Премьер-Министрі АӨК субсидиялауда ауыл шаруашылығы дақылдарын қолдауға айрықша көңіл бөлуді тапсырды
К. Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігімен агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде өсімдік шаруашылығын қарқынды дамыту бойынша тетіктер әзірленгенін атап өтті. Сонымен қатар Премьер-Министр елімізде өсірілетін астықтың басым үлесі осы Солтүстік Қазақстан өңіріне тиесілі екенін айтты. 2015 жылы аймақ аграршылары елдегі барлық астықтың 20% бастырған.
Премьер-Министрдің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев және басқа да жауапты тұлғалар АӨК секторында атқарылған жұмыстардың нәтижелері және саладағы ағымдағы жағдай бойынша есеп берді, деп хабарлайды pm.kz.
Кездесуге келген аграршыларды еттің экспорттық әлеуетін дамыту мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау мәселелері көп қызықтырды. Кәрім Мәсімов бұл мәселеде бизнес пен қоғамдастықтың пікірлері ескерілетініне сендірді.
Премьер-Министр қазіргі кезде субсидиялау жүйесін реформалау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл мәселедегі негізгі мақсат - тиімді субсидиялар нормативтерін арттыру және тиімсіз нормативтерді төмендету немесе алып тастау. Мұндайда негізгі көңілді басым салалар мен ауыл шаруашылығы дақылдарын қолдауға бөлу қажет.
Бүгінде аграрлық сектор экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан мемлекет тарапынан АӨК-ді қолдау жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, АӨК-ді мемлекеттік қолдау 2011 жылы 68,1 млрд теңгеден 2016 жылы 176 млрд теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге артты.