ҚР Премьер-Министрі Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Біз - Ұлт көшбасшысымен біргеміз» атты жастар форумына қатысты

«Біздің елде әлемдік стандарт бойынша білім алу бірінші орында тұрады. Осыған байланысты Президенттің интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы маңызды орын алады», - деді форумда сөз алған К.Мәсімов.
Үкімет басшысы Астанада маусымның соңына қарай Жаңа университет ашылатындығын айтты. «Сіздер үшін Бас университеттің есігі ашық», - деді жастарға арнаған сөзінде К.Мәсімов.
Оның айтуынша, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамудағы басты мақсаты - ұлттың бәсекеге қабілеттілігі. «Осы мақсатқа бізді Президент бастап барады», - деп тоқталып өтті Үкімет басшысы.
К.Мәсімов атап өткендей, осы айдың соңына дейін Мемлекеттік Үдемелі Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Атырау облысында ғана жаңадан 4 ірі кәсіпорын іске қосылады. "Қазақстан - индустриялық-инновациялық даму жолында, онымен жүру - біздің міндетіміз", деп атап өтті Премьер-Министр.
Форум барысында К. Мәсімов ҰБТ үздіктеріне "Алтын белгі" табыс етті.