20:20, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Премьер-Министрі бірқатар кездесулер өткізді
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бірқатар жұмыс бабындағы кездесулер өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Премьер-Министрі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс- президенті, «BNP Paribas» банктік тобы басқарма төрағасының кеңесшісі Жан Лемьердің кездесуінде Қазақстанның ағымдағы экономикалық саясаты, қаржылық тұрақтандыру бағдарламасы және қазіргідей күрделі жағдайда экономиканы әрі қарай дамытудың қосымша шаралары талқыланды. Ж.Лемьер Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған дағдарысқа қарсы шараларды, сондай-ақ, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі қадамын жоғары бағалады.ҚР Премьер-Министрінің Ресейлік халықтар достығы университетінің ректоры Владимир Филипповпен болған кездесуінде жоғары білім беру саласының кейбір өзекті мәселелері талқыланды.Қазақстандық және ресейлік ЖОО арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, атап айтқанда, бірлескен магистратура және айырбас бағдарламаларын дамыту жөнінде де әңгіме қозғалды.«Бірлескен екі жылдық магистратура бағдарламасы аясында студенттерге екі университеттің магистрі дәрежесін алуға мүмкіндік туады. Мұндай келісімдерге РХДУ мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, сондай-ақ, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің арасында қол қойылды», - деді В.Филиппов.Кейіннен К.Мәсімов сенатор Эмри де Монтескьюмен кездесті. Онда Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша әңгіме өрбіді.Тараптар Франция Президенті Николя Саркозидің 2009 жылдың бірінші жартысына жоспарланып отырған Қазақстанға сапарына қатысты кейбір мәселелерді талқылады.Премьер-Министр К.Мәсімовтің Ислам даму банкінің президенті Мохаммед Али Ахмадпен болған кездесуі барысында Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы қарым-қатынасты дамыту мәселелері қозғалды.Мохаммед Али Ахмад Қазақстанның ортаазиялық аймақта, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында жүзеге асыра алатын экономикалық әлеуетін жоғары бағалады.Кәрім Мәсімов пен Мохаммед Али Ахмад өзара тығыз қарым-қатынастардың әрі қарай жалғасатынына сенім білдірді.