ҚР Премьер-Министрі Достық кентінде бірқатар нысандарды аралады

Кәрім Мәсімов Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Достық» газ толтыру стансасының жұмысымен танысты.
Үкімет басшысына вагон және автомобиль цистерналарының газбен толтырылу және оларды қабылдау барысы көрсетілді.
Баяндамашы, «Dostyk Gas Terminal» ЖШС акционерлер өкілінің айтуынша, стансада сұйылтылған көмірсутекті газды сату көлемі жылына 1 млн тоннаны құрайды.
Станса бір мезетте 60 цистерна - вагонды қабылдай алады. Сонымен қатар замауни жабдықтар бір ретте 14 автомобиль цистерналарын газбен толтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, «ДостықГазТерминал» - Қазақстаннан Қытайға сұйылтылған газды жеткізу жобасын жүзеге асыру үшін құрылған біріккен кәсіпорын.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ контейнерлік-тиеу алаңының жұмысымен танысты.
«Достық» стансасы жұмыс сипаты жағынан жүк және сұрыптау стансасының функцияларын атқаратын шекаралық жүк стансасына жатады. Ол Ақтоғай-Мемлекеттік шекара учаскесінен 303-310 шақырым қашықтықта орналасқан.
Стансада ҚХР-дан келетін жүк пойыздарын қабылдау-жіберу, жолаушылар пойыздарын қабылдау-жіберу, вагондар жүктерін тар табанды жолдан кең табанды жолға тиеу-түсіру бойынша операциялар орындалады. Тасымалдау бойынша барлық жұмыстар кешенін атқару үшін стансада төрт қабылдау-жіберу паркі, жүк тиеу орындары мен кірме жолдар бар.
Достық стансасының жүк тиеу орындарының жалпы тәуліктік өнімділігі қолайлы жұмыс жағдайларында 344 контейнерлері бар вагонды, 130 ашық вагонды, 144 жартылай вагонды, 270 вагондар ауыстыру мен 100 вагон мұнай өнімдерін құрайды.
Алашанькоу (ҚХР) стансасының жүк тиеу орындарының тәуліктік өнімділігін ескерумен Достық-Алашанькоу мемлекетаралық түйісу бекетінің өткізу қабілеті жылына 20 млн. тоннаны құрайды.
Одан бөлек Кәрім Мәсімов азаматтар мен көліктерді қарау тәртібін тексеріп, кеден қызметкерлерімен әңгімелесті.
Кеден бекетінің басшысы хабарлағандай, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Достық» кеденінің жалпы жүк айналымы 6,58 млн. тоннанын құраған.
Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов Достық кентінің ауруханасына барып, жергілікті дәрігерлермен жүздесті.
Достық кентінің ауруханасының жұмысы туралы Премьер-Министрге аудандық аурухананың бас дәрігері айтып берді. Кәрім Мәсімов терапевт және окулист кабинеттерiн көріп, аурухананың заманауи жабдықтармен жабдықталуын тексерді.
Ауруханада 50 төсек-орын бар, 14 - бір орындық палата, 23 - екі орындық және 13 - төрт орындық палата, физиотерапия, педиатрия, терапия кабинеттері қарастырылған. Емдеу мекемесінде 110 адам жұмыс істейді.
Аурухана су, жылу жүйелерімен жабдықталған.