ҚР Премьер-Министрі «Қазақстан - Жаңа Жібек жолы» II халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумын ашты

Оның пленарлық отырысын ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ашты.
«Еуразиялық көліктік-логистикалық жүйенің барлық мүдделі қатысушыларын ықпалдастыратын және трансконтинетальді, бәсекеге қабілетті көліктік дәлізді құру бойынша тиімді шешімдерді қабылдау үшін көпжақты қарым-қатынастардың принциптерін жасақтау қажет деп есептейміз. Осы мақсатта Қазақстан бизнес-форум форматында сұхбат алаңын құру идеясын ұсынды. Көліктік инфрақұрылымдарды құру Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Дәл сол мақсатта ҚР Президенті Н.Назарбаев «Жаңа Жібек Жолы» бағдарлаамасын жасады», - деп атап өтті С.Ахметов.
Форумға Қазақстан, Белоруссия, Әзірбайжан, Ресей және Грузия ұлттық темір жол компанияларының жетекшілері, Еуропалық одақ және ТМД жетекші көліктік және логистикалық кәсіпорындар басшыларынан тұратын 300-ден астам делегат қатысуда.
Айта кетейік, Шетел инвесторларының 25-ші отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа Жібек Жолы» жобасының басталғандығы туралы мәлім еткен болатын. Елбасы отырыста «Қазақстан өзінің бұрынғы рөлін қайта жаңғыртып, Орталық Азия және Еуропа, Азияны жалғайтын ірі, іскерлік транзиттік хабқа айналуы тиіс», - деп атап өткен еді.
Сарапшылардың мәліметінше, «Жібек жолы» бойында 3 млрд. адам тұрады. Бұл әлеуеттің зор екендігінің бір айғағы. Дәл осы мәселе «Қазақстан - Жаңа Жібек Жолы» форумының негізгі күн тәртібіндегі тақырып болмақ. Жиын аясында мемлекеттердің көліктік-логистикалық жүйесін дамытуда атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесі талқыға түседі. Аталмыш шара көлік саласындағы білікті мамандарға логистикалық тәжірибеде меңгерген жетістіктерімен алмасуға, оны жүзеге асырудың әдістері мен технологияларын айтуға, логистика саласы мен жеткізу жүйесін басқарудың заманауи шешімдерін қолдануға, логистикалық жүйелерді дамытудың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Еркін экономикалық аумақтағы ара-қатынасына, кедендік үштіктің Бірлескен көліктік-логистикалық компаниясын құруға басты назар аударылады.