ҚР Премьер- Министрі Қазақстанның дәрігерлері нашар деген тұжырыммен келіспейді
Оның пайымдауынша, біздің дәрігерлер әлемдегі үздіктердің қатарында. Ол бұл пікірін бүгін Астана өткен Денсаулық сақтау ісін дамытудың «Салауатты Қазақстан» атты 2011-2015 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір медициналық қызметкердің әлеуетіне сұраныс тудыру үшін оларға жағдай жасау керек. Бұл ретте үздік дәрігерлерді қызметін жаңадан бастап жатқан дәрігерлерге қарағанда көбірек ынталандырылуы тиіс. «Болат Бейдахметұлы, алдағы бюджет үдерісінде, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын реформалау жүйесінде біз осының бәрін ескеруіміз керек», деді Премьер-Министр Қаржы министрі Болат Жәмішевке қаратып айтқан сөзінде.
Үкімет басшысының пікірінше, әлемнің бірде-бір елінде тамаша денсаулық сақтау жүйесі жоқ. Тіпті әлемнің ең дамыған елдерінде денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға қатысты пікірталастар жүріп жатыр. Сондықтан Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін дамытудың әлемдегі үздік жүйесін және елімізде жинақталған бай тәжірибені ескере отырып, ілгері жылжуы керек. «Тұтастай алғанда, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде кәсіби адамдар жұмыс істейді», деді ол.