ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ХКБ басшысы Висенте Лоссерталеспен кездесті
Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.
Тараптар Қазақстан мен ХКБ-ның Астанада ЭКСПО-2017 өткізуге дайындық шеңберінде өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ Премьер-Министр көрменің алғашқы нысандары құрылысының басталу мерзімі туралы хабарлады.
«Біз Мемлекет басшысына көрменің сәулеттік жобасы Тұжырымдамасын ұсындық. Мамырда ЭКСПО-ның алғашқы нысандарының құрылысы басталады», - деді С.Ахметов. Сонымен қатар С.Ахметов көрмені өткізуді ұйымдастыру үшін барлық шарттардың, оның ішінде құқықтық жағдайлардың жасалғанын атап көрсетті.
«Өткен жылдың аяғында көрменің инфрақұрылымдары мен нысандарын уақытында салу үшін қажетті құқықтық база жасайтын, сондай-ақ ЭКСПО-2017-ні өткізуге қатысты процедуралық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешетін заң қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, шешілмейтін мәселе жоқ», - деп атап өтті Премьер-Министр.
Өз кезегінде ХКБ басшысы Қазақстанның осы жылғы маусымда көрменің ресми туын алу үшін барлық мүмкіндіктерінің бар екендігіне сенім білдірді.
«Қазақстанның қолына ресми ту маусым айында түседі, содан кейін ЭКСПО-2017-ге қатысушы елдерді шақыру бойынша бағдарламалар жүзеге асырыла бастайтынына сенімдімін», - деп сөзін түйіндеді В.Лоссерталес.
ХКБ Бас хатшысы Қазақстанға жұмыс сапармен келді. Сапар барысында ол ЭКСПО-2017-ге дайындық жайымен танысатын болады.