17:21, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бір күндік жұмыс сапарымен Талдықорғанға келді
ТАЛДЫҚОРҒАН. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорғанға бір күндік жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев, ең алдымен, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы АҚ-да болып, ұжымға жаңа басшы Асқар Сыманқұловты таныстырды. Ол бұған дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған болатын,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бұдан кейін Ө.Шөкеев «АСПМК-519» ЖШС холдингі қатысушыларының бірі ? «Метакон» технологиялық кешенінде болды. Бұл кәсіпорын металл бұйымдары мен құрастырмаларын, электр тарататын желілер үшін мырышталған тіректер шығарады. Бүгінде зауытта 516 адам жұмыс істейді, олардың орташа еңбекақысы 40 543 теңгені құрайды. 2008 жылы мұнда өндіріс көлемі 3 866 млн. теңге болды. Премьер-Министрдің орынбасары бұдан кейін Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде болады. Мұнда 23 облыстық ұлттық-мәдени бірлестіктің, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Бірлік» жастар қауымдастығының кеңселері орналасқан. Ғимаратта мультимедиа орталығы, лингафон кабинеті, дыбыс жазу студиясы, жастар орталығы, 224 орындық акт залы, 50 орындық конференц-зал, би залы және басқа да қосалқы бөлмелер бар.Ө.Шөкеевтің сапары экономиканың нақты секторын қолдау және дағдарыс мәселелеріне арналған жиналыспен аяқталады.