ҚР Президенті ТМД елдері басшыларына – аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз

Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды, деп хабарлайды Кazinform Ақордаға сілтеме жасап.

тоқаев тмд
Фото: Ақорда

«Тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достастыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,4 пайызға артып, 20,6 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.

Сонымен қатар Президент Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.

«Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңесте сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қырғызстанға жұмыс сапарымен барды.

Мемлекет басшысын «Ала-Арча» резиденциясында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қарсы алды.

ТМД-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қ.Тоқаев, сондай-ақ Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға пікір білдірді, цифрлық шешімдерді енгізу шараларының маңызына тоқталып,. ТМД волонтерлерінің жыл сайынғы форумын өткізуді ұсынды.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан ТМД органдарына төрағалық ету Ресей Федерациясына өтеді.

Соңғы жаңалықтар