ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы барша қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға шақырды

«Әділбек Рыскелдіұлы, осындай Астанада дуатлон өткізу туралы идеяны қала әкімі болып отырғанда көтерген еді. Мен де қолдау көрсетуге уәде еткенмін. Сондықтан да, біз бүгін осы жарысқа қатысып отырмыз. Менің ойымша, осындай жарыстың өзі қала күні қарсаңында елордалықтар үшін жасалатын үлкен мерекенің бірі болып табылады», - деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.
Өз кезегінде Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә. Жақсыбеков барша қазақстандықтарды спортпен айналысуға шақырды. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде, соның ішінде Астанада спорт пен мәдениетті дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр, спорттық сайыстар қатары жыл сайын артып келеді. Елбасының қолдауы арқасында бүгін де спорттық маңызды оқиға өтіп отыр деп санаймын. Ұлтымыз үшін ең бастысы - денсаулық. Сондықтан да, спортпен шұғылданыңыздар», - деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.
Айта кетерлігі, Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанада өтіп жатқан дуатлоннан турнир аясында 15 шақырымдық велоқашықтықты бағындырды.
Еске сала кетейік, Елорда күні аясында екінші рет дуатлоннан ашық қала турнирі өтіп жатыр. Биыл жарыс қатысушылары 25-шақырымдық қашықтықты бағындырады. Бұл арақашықтық кездейсоқ таңдалған жоқ - жолдың ұзақтығы мерейтойлық дата - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығымен сәйкес келеді. «Астана-дуатлон-2016» жарысына 16 жастан асқан барлық тілек білдіргендер қатыса алады.