ҚР Президенті Алматыдағы атыста қаза тапқан полицейлерді наградалармен марапаттады
***
Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы
2021 жылғы 25 қыркүйек
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталсын:
ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы
Сүлеев Дархан Дауылбайұлы (марқұм) – Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы полиция департаментінің Алатау ауданы полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы;
«Ерлігі үшін» медалімен
Әбенов Мұрат Бақбергенұлы (марқұм) – Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшесі, Алматы қаласы.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 25 қыркүйек
№ 663
***
Еске салайық, 20 қыркүйек күні Алматыда атыс болып, 5 адам қаза тапты.
Жеке үйлердің біріне келген сот орындаушыға, учаскелік полиция инспекторларына үй иесі — 1967 жылы туған азамат оқ атты. Қаза тапқан полицейлердің бірінің артында 5 және екіншісінің артында 2 баласы қалды. Алматы қалалық соты бірнеше адам өліміне кінәлі тұрғынның даулы ісіне қатысты түсініктеме берді.
«Банк ЦентрКредит» АҚ іс бойынша барлық қажетті құжатты ұсынатындарын және зардап шеккендердің туыстарына жан-жақты көмек көрсететіндерін жеткізді.
Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кінәлі адам 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.