ҚР Президенті: ЕАЭО елдерімен шекаралар ашылуына байланысты өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет

Нұрсұлтан Назарбаев көкөніс өнімдерін өсіретін республикадағы ірі жылыжай кешенінде болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Қазақстан Президенті облыстың кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен әңгімелесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпінін атап өтті.
- Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне баса назар аударды.
-Егер елде жақсы жолдар болмаса, сауда дамымайды, сәйкесінше экономика да өркендемейді. Сондықтан, біз қазір елдің барлық өңірінде көлік желілерін салып жатырмыз, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Әр өңірдің алдына нақты міндеттер қойылған, соны орындау жұмыстарын жалғастыру қажет, - деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде аграршылар Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығы саласына шоғырланған шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіліп отырған жан-жақты мемлекеттік қолдау үшін алғыс айтты.
«Аделя» шаруа қожалығының Индустрияландыру картасы ауқымында жүзеге асырылған жылыжай кешенінің өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Кәсіпорында 200-дей жаңа жұмыс орны құрылған. Жылыжай кешенін басқару үдерістері толық автоматтандырылған, нысан француздық «Rishel» компаниясының заманауи жабдықтарымен жарақтанған.