ҚР Президенті: Еуразиялық экономикалық одақ - тек экономикалық жоба

«Бұл - тауар, қызмет, капитал, еңбек ресурстары қозғалысының бірыңғай ережелері бар экономикалық бірлестік. КСРО-ны қайта құру туралы әңгіме мүлде жоқ екенін атап айтқым келеді. «Қырғиқабақ соғыстың» осы стереотиптерінен арылу керек. Олар болашаққа көз жіберуімізге кедергі келтіреді. Еуразиялық экономикалық одақ - тек экономикалық жоба», - деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысу үшін АҚШ-қа барған. Осы сапары барысында Мемлекет басшысы Карнеги қорының президенті Уильям Бернспен, АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен, сондай-ақ кәсіпқой боксшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Геннадий Головкинмен кездесті.
Айта кетейік, ЕАЭО - Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшылары арасында 2014 жылдың 29 мамырында қол қойылған келісім негізінде құрылған экономикалық одақ. Мүше елдердің парламенттері бекітіп, Одақ 2015 жылдың 1 қаңтарына бастап қызметін бастады. Қазір оған мүше-мемлекеттер қатарына Армения мен Қырғызстан қосылған.