ҚР Президенті Еуропалық қайта құру және даму банкінің президентімен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті
None
None

Кездесу барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстанда атқарған жұмыстарының нәтижелері мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басымдықтары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Одиль Рено-Бассоға ілтипат білдіріп, ақпан айында онлайн режимде өткізген кездесуде өзара жемісті әңгіме өрбіткенін, алайда оның Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде ой-пікір алмасуға мүмкіндік беретін бетпе-бет жүздесудей болмайтынын атап өтті.

«Еуропалық қайта құру және даму банкі – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Ынтымақтастық орнатқан уақыттан бері сіздің банк біздің экономикамызға 8 миллиард евродан астам инвестиция салып, 300-ге жуық жоба жүзеге асырылды. Жалпы банктің әртүрлі салаларды, әсіресе жаңартылатын қуат көздері секторын белсенді қаржыландырғанын білеміз. Жаңартылатын қуат көздері саласындағы ынтымақтастықты жалғастырамыз деп сенеміз, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені бағытындағы жобаларды да жүзеге асыру аса маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар кездесуде коронавирус пандемиясы, қаржы және тауар нарықтарындағы тұрақсыздық сияқты проблемаларды қамтитын әлемдік экономиканың дамуына қатысты ауқымды мәселелер қарастырылды.

ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо әлемдік экономиканың дамуы мен Қазақстандағы экономикалық өсім туралы өз болжамымен бөлісті.


Соңғы жаңалықтар