ҚР Президенті ІІМ-не кадрлық саясат тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді

Президент атап өткендей, біріншіден, соңғы бес-алты жыл ішінде кадрлық резерв жұмысының қалай жүзеге асып, кадрлардың ауыс-түйіс үрдісі қалай жүргізілгендігі туралы, жұмыстың шынайы тиімділігі туралы сараптама жасау керек.
«Екіншіден, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесіне баға беру қажет. Әлем бойынша құқық қорғау жүйесі техникалық тұрғыда дамып, автоматтандырылып, уақыт өткен сайын зиялы болып келе жатыр. Кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесін түзету керек», - деп толықтырды Елбасы.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, үшіншіден, бір жағынан - құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қорғау нормасын, екінші жағынан - өз қызметкерлері жасаған құқық бұзушылық үшін күш құрылымдары жетекшілерінің жауапкершілік деңгейін арттыруды қарау қажет.
«Жылдар бойы бірқатар қызметкерлер тарапынан құқық бұзушылық деңгейінің артуы байқалса, аудандық, қалалық және облыстық ауқымдағы басшылар моральдық және қызметтік жауапкершілікке тартылуы керек. Әсіресе, ауыр және өте ауыр қылмыстарды жасырғаны үшін», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы құқық қорғау органдарындағы кадрлық саясаттың тиімділік мәселесі 2011 жылғы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында кеңінен қаралатынын жеткізді.