ҚР Президенті кубогы: Төрт боксшы қызымыз финалға шықты

Жартылай финалда Қазақстан чемпионы Римма Волосенко үндістандық Приянко Чодримен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Одан кейінгі жекпе-жекте Карина Ибрагимова мен Айжан Қожабекова кездесті. Екі боксшы да жақсы өнер көрсетті. Алайда Айжан Қожабекованың мерейі үстем болды. Финалда ол Римма Волосенкомен жұдырықтасады. Ал 75 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада жүлдегері Дариға Шәкімова жас боксшы Сәния Әлжанованы нокаутпен жеңді. Финалда Дариға швециялық Лав Холгерсонмен кездеседі.
Осылайша, қыздар арасында финалға шыққан барлық боксшылар анықталды. Бұған дейін 57 келі салмақ дәрежесінде Сәния Сұлтанқызы өз жерлесін жеңіп, финалға шыққан болатын.
Финалда ол жапондық Хирута Мицукимен кездеседі.
Ал екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай мен Дәметкен Келімбет қола жүлдені қанағат тұтты.