ҚР Президенті Н. Назарбаев Көліктегі технологиялар орталығында болды

Ондағы алаңда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ілкімді инновациялық жобалары көрсетілді.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қазақстанның әр облыстарына дислокацияланған түрлі бағыттағы оншақты жобамен танысты. Бұдан бөлек, Елбасы жаңа теміржол желілері мен технологиялық желілер бағытында жұмыс атқару үшін дайындықтан өтіп, біліктіліктерін арттырып жатқан мамандарды оқыту жұмыстарымен де танысты. Шара барысында облыс әкімдері Президентпен бейнебайланысқа шығып, тағы бірқатар инновациялық жобаларды ұсынды.
Бұдан бөлек, салтанатты шара аясында ресейлік «Трансмашхолдинг» компаниясының президенті Андрей Бокарев Мемлекет басшысына «Құрметті теміржолшы» белгісін тапсырған болатын.
Тоқтала кететін жайт, бүгін «Электровоз құрастыру зауытын» іске қосу барысында Президент Н. Назарбаевқа аталған зауыттың алғашқы өнімі көрсетілді. «KZ8A» нөміріндегі қазақстандық жүк электровозы 9 мың тоннаға дейін тартатын әлемдегі ең қуатты локомотивтердің бірі болып табылады. Ерекшелігі, Францияның «Альстом» компаниясының арнайы жобасымен Қазақстан, ТМД мен Балтық жағалауы елдері үшін жасалған бұл өнім қолайсыз ауа райы жағдайына да төзімді.