ҚР Президенті Н.Назарбаев Түркияның ірі инвесторларын Қазақстанға шақырды

2010 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь Кеден одағын құрғанын, бұл 170 млн. адам нарығы екендігін баса айтқан Елбасы бұл ретте аталған одақтың түрік инвесторларының қазақ еліне келуіне жағдай жасаудың бірі болып табылатындығын ескертті.
«Егерде Ресейдің шекарасынан сіздер өтсеңіздер барлық жерде кедергі көп. Ал егерде Қазақстанда өндіріс ашатын болсаңыздар, Ресей мен Беларусьқа ешқандай кедергісіз оны шығаратын боласыздар. Мен осы мәселеге назарларыңызды аудартқым келеді. Аталған елдер арасында кеден шекарасы толығымен алынып, еркін өткізілетін болды», деді Мемлекет басшысы.
Елбасының алға тартқан деректеріне қарағанда, қазір Кеден одағының арқасында үш елдің инвестициялық және сауда көлемі жыл сайын 40 пайызға өсім көрсетуде. Бұл жалпы алғанда 1,5 трлн. АҚШ долларына жуық ІЖӨ көлемін құрайды.
«2011 жылы Қазақстанда түрік тауарларының импорты 2009 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артты. Бұл көрсеткішті де Кеден одағы арқылы қол жеткізгенін айта кету керек. Сөйтіп Қазақстанда өндіріс орнын құруға, инвестиция салу үшін барынша қолайлы ахуал қалыптастырдық», деді ҚР Президенті.