10:10, 10 Қазан 2013 | GMT +5
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың G-Global бастамасы - 21-ші ғасырдағы жаһандық біріктіру идеясы - Эскишехир провинциясының губернаторы Гюнгор Азиз Туна
ЫСТАМБҰЛ. 10 қазан. ҚазАқпарат - Түркиядағы Қазақстанның елшісі Ж.Түймебаев Түркияның ірі өндірістік, сауда және мәдени орталығы Эскишехир қаласына жасаған сапарында провинцияның қайта тағайындалған губернаторы Гюнгор Азиз Тунамен кездесті. Атап өту керек, Эскишехир қаласы - Астанадан кейінгі эстафетаны алған түркі әлемінің 2013 жылғы мәдени астанасы.

2012 жылы Эскишехир провинциясының губернаторы мен Қарағанды облысының әкімі бауырластық байланыс жөніндегі хаттамаға қол қойды.
Кездесу барысында провинция губернаторы Гюнгор Азиз Тунамен аймақаралық ынтымақтастықты, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда бауырлас елдер мен халықтар арасында ынтымақтастықты дамыту жөнінде сөз қозғалды. Эскишехирда «Қазақстан күндерін» өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Губернатор Гюнгор Азиз Туна Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалап, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың G-Global бастамасының маңыздылығын атап өтті.
«ҚР Президенті Н.Назарбаевтың G-Global бастамасы - 21-ші ғасырдағы жаһандық біріктіруші идея», - деді губернатор.