ҚР Президенті түркі әлемін Ұлы Жібек жолын тиімді пайдалануға шақырады
«Жаңа ғасырда Ұлы Жібек жолын жаңғырту мүмкіндігі туып отыр. Түркі әлемі осынау геосаяси мүмкіндікті пайдаланып қалмаса үлкен қателік болады», - деді Н. Назарбаев бүгінгі Бодрум қаласындағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммитінде.
Мемлекет басшысы Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысын аяқтағалы жатқанын тілге тиек етті. Түркіменстан мен Иран аумағымен өтетін темір жол енгізіледі. Ол Парсы шығанағына шығуға жол ашады. «Сонымен қатар, Ақтау теңіз портының өткізу қуатын арттыруды жоспарлап отырмыз. Осыған орай, Ақтау, Баку және Самсун порттарының ықпалдастығын нығайту маңызды», - деді Н. Назарбаев.
ҚР Президенті Қазақстан аумағынан Каспий теңізіне дейін өтетін, ұзақтығы 1500 шақырым болатын темір жол құрылысы келесі жылы аяқталатынына тоқталып өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өткен аптада Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылғаны туралы хабарлады.
«Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру арқылы түркі мемлекеттерінің іскерлік өкілдері жалпы саны 170 млн.-ға жетіп отырған халықпен нарыққа шыға алады», - деді Н. Назарбаев.
Президент, сондай-ақ Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуді жоспарлап отырғанын еске салып өтті және түркі мемлекеттері үшін «Жасыл экономика» және «Болашақ энергиясы» көрмелерінің тақырыбы маңызды екенін айтты.