ҚР Президенті Үкімет басшысына ҮИИД аясында 2012 жылы іске қосылған кәсіпорындарды жоспарлы қуатына шығаруды тапсырды

С.Ахметов Елбасына елдің ағымдағы жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері мен 2013 жылдың 23 қаңтарында өткен кеңесте берілген Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы мәлімдеді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қаңтардың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4,5 пайызды құрады. Әлемдік бағаның және тұтыну көлемінің баяулауына байланысты өндеу өнеркәсібі индикаторларының біршама төмендеуі байқалады. Толықтай алғанда, ағымдағы жылдың басынан бері елдің барлық саласында позитивті көрсеткіш бар», - деді Қазақстан Премьер-Министрі.
Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне тұрақты бақылау мен мониторинг қажеттілігіне және елдің ЖІӨ өсімі қарқынын одан әрі сақтауға баса назар аудартты.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы іске қосылған кәсіпорындар жоспарлы қуатына шыға бастауы тиіс. Бұл ел экономикасының одан арғы өсіміне барынша ықпал етеді», - деді Қазақстан Президенті.