ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы өз міндетін абыроймен орындап келеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев жүргізген жиында мемлекеттік басқару академиясының тарихы, құрылымы, атқаратын қызметі, оқуға қабылдау тәртібі туралы мол ақпарат берілді. Бақытжамал Сапарқызының айтуынша, ЖОО-ның тарихы сонау 1994 жылдан басталады. Алғашында ҚР Президенті жанындағы ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі болып құрылған білім шаңырағы қазір ел тізгінін ұстаған біраз азаматтардың лауазым баспалдағымен жедел өсуіне жол ашқан. Олардың қатарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтың, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетовтың, "Атамекен" ұлттық сауда палатасының президенті Азат Перуашевтың болуы көп жайды аңғартса керек. Академияның құрамы бірнеше институттан тұрады. Олар - дипломатия институты, сот төрелігі институты, мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институты, мемлекеттік және жергілікті басқару институты, мемлекеттік басқаруды модернизациялау институты және мемлекеттік саясат ұлттық мектебі. 2009-2010 оқу жылында академиядағы магистрлік бағдарламалар тыңдаушыларының саны 242 болса, аспиранттар 41, докторанттар 2 адам. Оған қоса 14 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер біліктілік арттыру курстарынан өтті. Әрбір оныншы түлек саяси лауазымға ие болса, 27 пайызының қызметі жоғарылаған, заңгер түлектердің 40 пайызы судьялық мансапқа тағайындалды.