ҚР Президенті Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» бірыңғай мерекелік медалімен наградтау қағидалары бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» бірыңғай мерекелік медалімен наградтау қағидалары бекітілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 992 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН «1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл»бірыңғай мерекелік медалімен наградтау ҚАҒИДАЛАРЫ 1. «1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл»бірыңғай мерекелік медалімен наградтау осы қағидалары «1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» бірыңғай мерекелік медалімен (бұдан әрі - бірыңғай мерекелік медаль) наградтау тәртібін реттейді. 2. Бірыңғай мерекелік медальмен: Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау жөніндегі басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флот құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын күрес жүргізушілері; майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын күрес жүргізушілері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, соғыс қимылдары жүргізілген аудандарда, майдан маңындағы темір жол учаскелерінде, қорғаныс шептерін, әскери-теңіз базалары мен аэродромдар салу кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған және зейнетақымен қамсыздандырылуы жағынан әскери қызметшілерге теңестірілген тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілер; бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер; жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары; 1944 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1951 жылдың 31 желтоқсаны аралығы кезеңінде Украина КСР-і, Беларусь КСР-і, Литва КСР-і, Латвия КСР-і, Эстон КСР-і аумақтарында іс-қимыл жасаған жойғыш батальондардың, взводтар мен халықты қорғаушы жасақтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтарда, жасақтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдар; қорғанысына қатысуы майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есептелген қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары; Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдама құрамының адамдары не тиісті кезеңдерде қорғанысына қатысуы майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есептелген қалаларда болған адамдар; Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк баласы (тәрбиеленушісі) мен теңізші бала ретінде болғандар; екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шетелдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар; Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құралымдарының, кәсіпшілік және көлік кемелерінің жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, бұрынғы КСР Одағы Балық өнеркәсібі халық комиссариатының, Теңіз және өзен флотының, Солтүстік теңіз жолы Бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшілер жағдайына көшірілген және ұрыс майдандарының тылдағы шептері, флоттардың оперативтік аймақтары шегінде майдандағы армия мен флот мүдделеріне орай міндеттер атқарған қызметкерлері, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында тұтқындалған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелері; Ленинград қаласының қоршаудағы кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен және «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтар; екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары; уақытша дұшпан басып алған аумақтарда жұмыс істеген кезеңді қоспағанда, 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығы кезеңінде кемінде алты ай жұмыс істеген адамдар; Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар наградталады. 3. Бірыңғай мерекелік медальмен наградталатын азаматтардың тізімдерін жасау, келісу және бекіту мынадай тәртіппен жүргізіледі: тізімдерді облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары жасайды; тізімдерді жасау осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген адамдар қатарындағы азаматтарға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жүргізіледі; тізімдерге оларды жасау үшін жауапты лауазымды адамдар қол қояды, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен келісіледі және оларды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері бекітеді. Тізімдердің дұрыс жасалуы және оларда көрсетілген мәліметтердің анықтығы үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы органдардың басшыларына жүктеледі. 4. Бірыңғай мерекелік медальды тапсыру Қазақстан Республикасының Президенті атынан және оның тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Бірыңғай мерекелік медаль наградталатын адамдар тізімге енгізілген жер бойынша тапсырылады. Наградталған адамға бірыңғай мерекелік медальмен бірге медальдың куәлігі тапсырылады. 5. Бірыңғай мерекелік медаль кеуденің сол жағына тағылады және «1941 - 1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңiске 65 жыл» мерекелік медалінен кейін орналастырылады. 6. Бірыңғай мерекелік медальдың тапсырылғаны туралы наградтау тізімінде тиісті жазба жасалады. Табыс етілмеген бірыңғай мерекелік медальдар мен олардың куәліктері қайтарылу себептері көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқармасының Ордендер қоймасына қайтарылады, бұл туралы тізімдерде тиісті белгі жасалады. Бірыңғай мерекелік медальдың тапсырылғандығы туралы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар 2015 жылғы 1 шілдеге қарай Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасына ұсынады.

Соңғы жаңалықтар