ҚР Президентінің қатысумен өтетін Минскідегі үшжақты кездесуде Украинадағы ахуалды реттеу мәселесі талқыланады

Кездесу барысында Украинадағы ахуалды реттеу мәселесі жан-жақты талқыланбақ. Сонымен қатар ҚР Президентінің сапар бағдарламасында бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.
Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, Минскідегі кездесу барысынан ақпарат тарту үшін әлемнің түпкір-түпкірінен шамамен 300 журналист келген.
Журналистерге сұхбат берген Беларусь СІМ Ақпарат басқармасының бастығы - баспасөз хатшысы Дмитрий Мирончиктің сөзіне қарағанда, олардың қатарында АҚШ, Франция, Чехия, Польша, Украина, Ресей және басқа да мемлекеттердің тілшілері бар. Бұл кездесуден ақпарат таратуға, әсіресе, жапон журналистері өте көп өтінім берген.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Кеден одағы елдері көшбасшыларының, Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің алдағы 26 тамызда Минскіде өтетін кездесуінің мәселелері талқыланды.